Қазақстан халқы Ассамблеясы (ҚХА) ел президенті Нұрсұлтан Назарбаевтан алдағы өтетін кезектен тыс президенттік сайлауға қатысуын сұрады. Бұл туралы бүгін ресми ақпарат құралдары хабарлады.
«Сіз айтқандай, президент сайлауы – бұл патриоттық акт, елімізді жаңа қарқынмен дамытудың және азаматтардың әл-ауқатын арттырудың басты міндеттерін шешу үшін экономиканы тұрақтандырудың, азаматтық жарасым, әлеуметтік тұрақтылықты нығайтудың қуатты бастауы. Сондықтан да біз Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылған күні сізді барша қазақстандықтар асыға күтіп отырған келесі қадамды жасауға шақырамыз. Біз сізден президенттік сайлауға қатысуыңызды сұраймыз», - делінген ҚХА-ның Назарбаевқа үндеуінде.
Сәрсенбі күні Қазақстан халқына жолдаған видео үндеуінде президент Нұрсұлтан Назарбаев биыл 26 сәуірде елде кезектен тыс президент сайлауын өткізу туралы жарлыққа қол қойғанын мәлімдеген.
Кезектен тыс президент сайлауын өткізу туралы бастаманы ақпанның 14-інде Астанада өткен кеңесте Қазақстан халқы ассамблеясы көтерген. Ассамблея ұсынысын парламент мәжілісі мен сенаты, саяси партиялардың көпшілігі қолдағандарын мәлімдеген.
Президент Назарбаев өзі басқаратын Қазақстан халқы Ассамблеясын 1995 жылы наурыздың 1-і күні өз жарлығымен құрған. Бұл ұйым президент жанындағы кеңесші орган болып табылады.