Accessibility links

ЕҚЫҰ ПА Немцовтың өлімін тергеуге шақырды


Ресей оппозициялық саясаткері Борис Немцов.
Ресей оппозициялық саясаткері Борис Немцов.

Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының парламенттік ассамблеясы (ЕҚЫҰ ПА) ресейлік оппозициялық саясаткер, Ресейдің бұрынғы вице-премьері Борис Немцовтың қастандықпен өлтірілуін айыптады.

Парламенттік ассамблея төрағасы Илкка Канерва суық хабар өзін есеңгіретіп тастағанын мәлімдеді. Ол Ресей билігін бұл қылмыстың барлық жай-жапсарын анықтап, кісі өлтіруді ұйымдастырғандар мен орындаушыларды тауып, әділ сотпен жазалауға шақырды.

Канерва жылдам әрі жан-жақты жүргізілген тергеу нәтижесінде Немцов өзінің саяси көзқарасы мен үкіметті батыл, ашық сынағаны, соның ішінде коррупцияға байланысты айыптаулары және Украинадағы оқиғаларға Кремльдің қатысы туралы еркін ой-пікірлері үшін құрбан болған деген күдікті сейілтеді деген үмітін білдірген.

Ресейдің оппозициялық саясаткері Борис Немцовты ақпанның 27-сі күні кешкісін Мәскеудің орталығында белгісіз біреулер ту сыртынан бірнеше рет атып өлтірді. Тергеушілер бұл қылмысқа байланысты жасап отырған бірнеше болжамның арасында «елдегі саяси жағдайдың шырқын бұзуды көздейтін арандату» деген долбар да бар.

XS
SM
MD
LG