Accessibility links

Журналист Влад Листьевтің қаза тапқанына 20 жыл


Ресейлік тележурналист Владислав Листьев. 1 ақпан 1995 жыл.
Ресейлік тележурналист Владислав Листьев. 1 ақпан 1995 жыл.

Ресейдің белгілі тележурналисі Владислав Листьевтің қастандықпен өлтірілгеніне бүгін 20 жыл толды. Оны 1995 жылы наурыздың 1-і күні кешкісін Мәскеудегі үйіне кіреберісте атып кеткен еді. Журналистің денесіне екі жерден – басына және қолына оқ тиген. Листьев сол жерде қаза болған.

Журналистің өзімен бірге болған ақша, құжаттары мен өзге де жеке заттарына қылмыскер тиіспегендіктен тергеушілер мұны тапсырыспен кісі өлтіру қылмысы деген болжам жасаған.

Бұл қылмыс әлі күнге дейін ашылған жоқ.

1956 жылы Мәскеуде дүниеге келген Владислав Листьев СССР-де «қайта құру» кезеңінде – 1980 жылдардың екінші жартысында мемлекеттік телевидениедегі «Взгляд» («Көзқарас») бағдарламасының жүргізушілерінің бірі ретінде көпшілікке танылды. Кейін ол «Тема», «Час пик», «Поле чудес» сынды телебағдарламаларды жаңадан қалыптастырып, олардың алғашқы жүргізушісі болды.

Владислав Листьевтің қастандықпен өлтірілуі СССР құлағаннан кейінгі кезеңдегі Ресей қоғамын дүр сілкіндірген қылмыстардың бірі еді. Содан бергі уақытта Ресейде саяси сипаттағы қастандықтан қаза тапқан танымал тұлғалар тізімі толыға түсті. Ол қылмыстардың көпшілігі әлі күнге дейін ашылған жоқ.

Жұма күні кешкісін Мәскеудің орталығында ресейлік оппозициялық саясаткер Борис Немцов қастандық құрбанына айналды. 1990 жылдардың басында Ресейдің ең жас губернаторы, кейін вице-премьер, парламент мүшесі болған саясаткерді Кремльдің іргесінде белгісіз қылмыскер бірнеше оқ атып өлтірді.

XS
SM
MD
LG