Мәскеуде бүгін оппозициялық саясаткер Борис Немцовты еске алуға жұрт жиналып жатыр.
Қазір қаралы шеру басталатын Славянск алаңына адамдар келіп жатыр. Бірнеше адам Борис Немцов негізін қалаған «Солидарность» демократиялық қозғалысының туларын ұстап тұр. Көп адамның қолында Борис Немцовтың суреттері мен «Ол Ресей болашағы үшін күресті» деген жазулар бар.
Мәскеу уақытымен сағат 15-те басталатын шеруге қатысушылар осы жерден Мәскеу өзені үстімен өтетін үлкен көпірдің Борис Немцов қаза тапқан тұсына дейін жүріп бармақ.
Бұған дейін бүгін Мәскеуде бірнеше жерде қарсылық акцияларын өткізу жоспарланған еді. Олардың арасындағы ең ірісі – оппозиционер Алексей Навальныйдың бастамасы бойынша бірнеше ұйым Марьино ауданында бірлесіп өткізуге келіскен «Весна» шеруі болатын. Бірақ Борис Немцовтың қазасынан соң ұйымдастырушылар кеше оны басқаша форматта Мәскеудің орталығында өткізуге қала билігінің келісімін алған.
"РПР-ПАРНАС" партиясының теңтөрағасы, Ярославль облыстық думасының депутаты, Ресейдің бұрынғы вице-премьері 55 жастағы Борис Немцовты жұма күні кешкісін Мәскудің орталығында қастандықпен атып өлтірген. Оны өлтіргендер әлі табылған жоқ.