Қастандық құрбаны болған ресейлік саясаткер, оппозиция жетекшісі Борис Немцов бүгін Мәскеудегі Троекуровский зиратына жерленеді. Марқұммен қоштасу рәсімі қаладағы Сахаров алаңында өтеді.
Оппозициялық РПР-ПАРНАС партиясы төрағаларының бірі, Ярославль облыстық думасының депутаты Борис Немцовты 27 ақпанда Мәскеудің орталығында белгісіз біреулер атып кеткен.
Польша сенатының спикері, осы елдегі "Солидарность" қозғалысы диссиденттерінің бірі болған Богдан Борусевич Ресей билігі өзіне Немцовты жерлеу рәсіміне қатысуына рұқсат беруден бас тартқанын хабарлады. "Мен Борис Немцов пен ол сияқты ойлайтын ресейліктерге құрмет көрсеткім келген" деді Борусевич.
Немцовқа қастандықты "арандатушылық" деп атаған Ресей президенті Владимир Путин марқұмды жерлеуге қатыспайды.
Наурыздың 2-сінде Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавров Немцовтың өлімі "саяси мақсаттарға пайдаланылмауы тиіс" деп мәлімдеген.
Немцовқа қастандық жасалғанда жанында бірге болған украиналық Анна Дурицкая құқық қорғау органдары өзін "әбден тергеуге алғанын", қастандық жасағаны адамның кім екенін көре алмағанын айтқан.
23 жастағы модель Анна Дурицкаяға наурыздың 2-сі күні кешке Украинаға қайтуына рұқсат етілді.