Accessibility links

Мәскеуде Борис Немцовпен қоштасып жатыр


Борис Немцовпен қоштасу рәсімінде марқұмның табытта жатқан мәйіті. Мәскеу, 3 наурыз 2015 жыл.
Борис Немцовпен қоштасу рәсімінде марқұмның табытта жатқан мәйіті. Мәскеу, 3 наурыз 2015 жыл.

Мәскеуде қастандық құрбаны болған оппозициялық саясаткер Борис Немцовпен қоштасу рәсімі өтіп жатыр.

Марқұммен қоштасу Сахаров алаңында ұйымдастырылды. Қоштасу рәсіміне "Роснано" корпорациясының басшысы Анатолий Чубайс, "Росатом" басшысы Сергей Кириенко, бұрынғы қаржы министрі Алексей Кудрин, бұрынғы вице-премьер Олег Сысуев, мемлекеттік дума депутаттары Дмитрий Гудков, Александр Ющенко мен Алексей Корниенко да қатысады, Ресейдегі Еуропа Одағы елдерінің елшілері мен АҚШ елшісі Джон Теффт те келеді деп хабарланды.

Бірақ Борис Немцовпен қоштасуға марқұмның барлық серігі бірдей келе алмайды. Кеше Мәскеудің Пресненск аудандық соты 15 тәулік қамауда жатқан оппозицияшыл белсенді Алексей Навальныйдің өзін Немцовты жерлеуге жіберу өтінішін қабылдамай қойған.

Немцовпен қоштасуға кейбір еуропалық саясаткерлер де келе алмады. Кеше кешке Латвияның Еуропарламенттегі депутаты Сандра Калниетке Мәскеудің «Шереметьево» әуежайынан Ресейге кіруге рұқсат берілмей қойғаны белгілі болған. Польша парламентінің спикері Богдан Борусевичтің де жерлеуге қатысуына рұқсат етілмеді. Ресей билігі польшалық саясаткер Ресей территориясына кіруге санкция салынғандар тізімінде бар деген.

Борис Немцов бүгін Мәскеудегі Троекуровск зиратында жерленеді.

Оппозицияшыл саясаткерді 27 ақпан күні түнде белгісіз біреулер Мәскеудің орталығында атып өлтіріп кеткен еді. Наурыздың 1-і күні Ресейдің көптеген қалаларында Борис Немцовты еске алу шерулері өткен. Мәскеуде өткен қаралы шеруге 50 мыңнан астам адам қатысқан.

XS
SM
MD
LG