Accessibility links

"Известия" Немцов өлімін Украина дағдарысынан көреді


Мәскеудегі Борис Немцов қастандықтан қаза тапқан жер. 3 наурыз 2015 жыл.
Мәскеудегі Борис Немцов қастандықтан қаза тапқан жер. 3 наурыз 2015 жыл.

Ресейдің билікшіл "Известия" басылымы сейсенбіде "тергеушілер оппозицияшыл саясаткер Борис Немцовтың өлімі Шығыс Украинадағы қақтығыспен байланысты болуы мүмкін деген долбар жасап отыр" деп хабарлады.

Нақты дерек көзіне сілтеме жасамаған басылым тергеушілер "Немцов Украина арнайы қызметінің тапсырысы бойынша өлтірілуі мүмкін деген болжамды да жоққа шығармайтынын" жазды.

"Известия" "қылмысты Шығыс Украинадағы ресейшіл сепаратистерге қарсы үкімет әскері қатарында соғысып жүрген шешен содырлары ұйымдастыруы мүмкін" дейді.

Ресей Федералдық тергеу комитетінің тергеушілері Немцовтың өліміне Шығыс Украинадағы қақтығыстың байланысы болуы мүмкін деген болжам барын да айтқанымен, "Известияның" дерегіне қатысты түсінік бермеді.

Бұған дейін Ресейде кремльшіл ақпарат құралдары Немцовтың қазасына Батыс елдерінің немесе Украинаның қатысы болу мүмкін деген долбар айтқан.

Оппозицияшыл саясаткерді 27 ақпан күні түнде белгісіз біреулер Мәскеудің орталығында атып өлтіріп кеткен еді. Наурыздың 1-і күні Ресейдің көптеген қалаларында Борис Немцовты еске алу шерулері өткен. Мәскеуде өткен қаралы шеруге 50 мыңнан астам адам қатысқан.

Бүгін Мәскеудің Сахаров алаңында Борис Немцовпен қоштасу рәсімі өтті.

XS
SM
MD
LG