Accessibility links

ҚКХП съезі президенттікке үміткерін атады


Қазақстан коммунистік халықтық партиясы президенттік сайлауға ұсынған үміткер Тұрғын Сыздықов. Астана, 4 наурыз 2015 жыл.
Қазақстан коммунистік халықтық партиясы президенттік сайлауға ұсынған үміткер Тұрғын Сыздықов. Астана, 4 наурыз 2015 жыл.

Қазақстан коммунистік халықтық партиясы (ҚКХП) бүгін Астанада өтіп жатқан кезекті съезінде партия атынан президенттікке үміткер етіп Тұрғын Сыздықовты ұсынды. Съезге қатысушы делегаттардың барлығы бірауыздан оның кандидатурасын қолдады.

Тұрғын Сыздықов қазір мемлекеттік мекемелер, банктер және қоғамдық қызмет көрсету ұйымдары қызметкерлері кәсіподағының Ақмола облыстық филиалының төрағасы қызметін атқарады. Съезде сөйлеген ҚКХП хатшысы, парламент мәжілісі депутаты Владислав Косарев Сыздықовты "партияға берілген адам" деп сипаттады.

Азаттық тілшісінің "Президенттікке неге танымал адамдар, мысалы бұған дейінгі президент сайлауында кандидат болған Жамбыл Ахметбеков ұсынылмады?" деген сұрағына Косарев "үміткерлер ұсынуды партия мүшелері шешеді" деп жауап берді.

Қазақстанда кезектен тыс президент сайлауы сәуірдің 26-сы күні өтеді. Орталық сайлау комиссиясы бүгін президенттік сайлауға түсуге бес адам өтініш білдірді деп хабарлаған. Олардың біреуі - әйел адам.

Кандидаттар ұсыну наурыздың 15-інде, ал үміткерлерді тіркеу наурыздың 25-і күні аяқталады. Одан соң басталатын сайлауалды үгіт-насихат науқаны дауыс беруге бір тәулік қалғанда, яғни сәуірдің 25-іне қараған түні тоқтатылады.

XS
SM
MD
LG