Accessibility links

Туға қатысты айыппұл салған полицей үстінен тәртіптік іс қозғалды


Жандос Құрманбаевтың пәтері балконында ілініп тұрған Қазақстан туы. Ақпан, 2015 жыл.
Жандос Құрманбаевтың пәтері балконында ілініп тұрған Қазақстан туы. Ақпан, 2015 жыл.

Көпқабатты үйдегі пәтерінің балконына ту ілген астаналық азаматқа айыппұл салған полицейдің үстінен тәртіптік іс қозғалды деп хабарлады бас прокуратураға сілтеме жасаған Tengrinews.kz сайты.

Ақпан айының соңында боксшы Геннадий Головкиннің жеңісіне орай өзі тұратын көп қабатты үйдің балконына ту ілген Жандос Құрманбаевқа 396 мың 400 теңге айыппұл салынған еді. Хаттама Астанадағы Есіл аудандық прокуратурасының наразылығымен күшін жойған.

Бас прокуратураның хабарлауынша, "заң бұзуға жол бергені үшін" айыппұл салған полиция инспекторы Пернешевтің үстінен тәртіптік іс қозғалған. Іс қазір Астананың Есіл аудандық ішкі істер басқармасында қаралып жатыр.

Жандос Құрманбаевқа қатысты әкімшілік істі қараған бас прокуратура Есіл аудандық прокуратурасының наразылығын қанағаттандырып, айыппұл салу туралы қаулының күшін жойған.

Құрманбаевқа салынған айыппұл әлеуметтік желіде қатты сыналып, қолданушылар Құрманбаевты қолдайтындықтарын білдіріп желіде флешмоб өткізген болатын.

Қазақстанның мемлекеттік рәміздері туралы заңына сәйкес, президент, парламент, министрліктердің, жергілікті заң және атқару органы резиденциясы ғимараттары мен елшілік ғимараттарының үстіне міндетті түрде мемлекеттік ту орнатылады. Заңда қожайындарының қалауы бойынша өзге ғимараттардың (бөлме) үстіне де туды ілуге болатыны айтылған.

XS
SM
MD
LG