Accessibility links

Иран: Каспий мәртебесі шешілуге жақын


Әзербайжан, Иран, Ресей, Қазақстан және Түркіменстан президенттері төртінші Каспий елдері саммитінде. Астрахан, 29 қыркүйек 2014 жыл.
Әзербайжан, Иран, Ресей, Қазақстан және Түркіменстан президенттері төртінші Каспий елдері саммитінде. Астрахан, 29 қыркүйек 2014 жыл.

Иран сыртқы істер министрінің орынбасары Ибрагим Рахимпур Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі Каспий маңы елдері басшыларының келесі саммитінде түпкілікті шешілуі мүмкін екенінен үмітті екенін мәлімдеді. Бұл жайында ол Бакуде 4-5 наурызда Каспий теңізі мәселесіне қатысты бес ел өкілдері жұмысшы тобының кездесуінен соң айтты.

"Тараптар Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі туралы конвенцияның алты шартына қатысты толық келісім жасасты" деді Рахимпур. Оның сөзінше, Каспий теңізі мәртебесінің таяу болашақта түпкілікті анықталуына алғышарттар бар".

Әзербайжан сыртқы істер министрінің орынбасары Халаф Халафов та келісім аяқталып қалғанын растады. "Біз Каспий теңізінің мәртебесіне қатысты шешілмеген мәселелерді үйлестіру жұмыстарын қысқа уақытта аяқтаймыз" деді Халафов.​

Каспий теңізі бойында орналасқан бес ел - Қазақстан, Әзербайжан, Иран, Ресей және Түркіменстан басшыларының теңіздің құқықтық мәртебесін анықтауға қатысты келесі саммиті Астанада өтеді деп белгіленген, бірақ нақты уақыты әлі қойылған жоқ.

Халафовтың сөзінше, "Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі туралы конвенцияға Астанада қол қойылады деген үміт бар".

Дегенмен, Рахимпур Астанадағы "ынтымақтастық конвенцияны қабылдаумен шектелмейтінін" айтып, саммит бес ел басшыларының соңғы кездесуі болмайтын шығар деген күдігін де білдірді.

Ол конвенцияға қол қойылса "түрлі салалардағы ынтымақтастың жаңа кезеңі басталатынын" айтады.

Қазақстан, Иран, Әзербайжан, Ресей және Түркіменстанның Каспий теңізінің құқықтық мәртебесін анықтап, Каспийдің табиғи байлықтарын бөлісе алмай жүргеніне көп болды.

Мұнай мен газдың үлкен қоры бар теңіз мәртебесі мен оны пайдалану жайы 1921 және 1940 жылдары Иран мен СССР арасында жасалған келісім бойынша анықталып отыр.

Егер Каспий ресми түрде теңіз деп танылса, онда бес ел оны бөліп алып, өз территориясындағы мұнай мен газға иелік етеді. Ал егер Каспий көл деп жарияланса, онда теңіздегі барлық мұнай мен газ бес ел арасында теңдей бөлінуі тиіс.

XS
SM
MD
LG