Accessibility links

Шекара қызметінің бұрынғы бастығы 11 жылға сотталды


Ұлттық қауіпсіздік комитеті шекара қызметінің бұрынғы директоры Нұрлан Жоламанов.
Ұлттық қауіпсіздік комитеті шекара қызметінің бұрынғы директоры Нұрлан Жоламанов.

Астананың қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық әскери соты бүгін Қазақстан ұлттық қауіпсіздік комитеті шекара қызметінің бұрынғы директоры Нұрлан Жоламановты 11 жылға бас бостандығынан айыруға үкім шығарды.

Сот Жоламановты «ұйымдасқан қылмыстық топ құрғаны» және «аса ірі көлемде пара алғаны» үшін айыпты деп таныды. Ол жазасын қатаң тәртіптегі қамау колониясында өтейтін болды. Сот Жоламановты өмір бойы мемлекеттік жауапты қызмет ету құқығынан айырды.

Сонымен бірге судья Қазақстан президентіне Нұрлан Жоламановты генерал-лейтенант әскери шені мен мемлекеттік наградаларынан айыруды ұсынды.

Бұған дейін прокурор соттан Нұрлан Жоламановты 14 жылға бас бостандығынан айыруды және мүлкін тәркілеуді сұраған. Жоламанов өзіне қарсы сотты «қолдан жасалған, саяси іс» деп атап, тағылған айыптарды мойындамайтынын мәлімдеген.

Жоламановпен бірге сотталушы – Алматыдағы 2458-әскери бөлімнің бұрынғы командирі Қайрат Балмағамбетовті сот қылмыстық жауапкершіліктен толық босатты. Сот оның дүние-мүлкін арестен босатуға шешім шығарды. Сот барысында Балмағамбетов өзіне тағылған «аса ірі көлемде пара алған» және «ұйымдасқан қылмыстық топ құрған» деген айыптарды мойындайтынын мәлімдеген.

Нұрлан Жоламановтың соты қаңтардың 26-сы күні басталған. Ол 2013 жылдың қаңтарынан бастап ұсталған кезге – 2014 жылғы қазанның 27-сіне дейін ҰҚК шекара қызметін басқарған.

XS
SM
MD
LG