Жұма күні БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі отырысында БҰҰ, АҚШ және Ұлыбритания өкілдері Ресейден сегіз айдан бері түрмеде отырған украиналық Надежда Савченконы дереу бостандыққа шығаруды талап еткен.
БҰҰ бас хатшысының адам құқықтары жөніндегі көмекшісі Иван Симонович «Савченконы дереу босату өте маңызды» екендігін атйқан.
БҰҰ-дағы Ұлыбританияның тұрақты өкілі Марк Лайал Грант «Ресей барлық тұтқындарды босатуға міндеттеме алған, бірақ Надежда Савченко мен басқа да көптеген адам тұтқында қалып отыр. Бұл Минск келісіміне қайшы келеді» деген.
Савченко мен өзге де украиналық азаматтарды Ресей түрмеге қамап, кепілде ұстап отыр деген АҚШ өкілі Саманта Пауэр Вашингон Мәскеуді Надежда Савченконы босатуға тағы да шақырады деп мәлімдеген.
БҰҰ-дағы Ресейдің тұрақты өкілі Виталий Чуркин украиналық әскери Надежда Савченкоға ауыр айыптар тағылып отырғанын айтып, оның кінәсі бар немес жоғын тек сот анықтайды деп жауап берген. Ол Савченко қамауда заңды негізде ұсталып отыр деп санайды.
Украинаның Луганск қаласы маңында мерт болған ресейлік журналистердің қазасына қатысы бар деген айып тағылған Надежда Савченко былтыр жаздан бері Ресей абақтысында қамауда отыр. Журналистер қазасына қатысы жоғын және өзін сепаратистер Ресейге күштеп әкелгенін айтқан Савченко тағылған айыптарға наразылық ретінде 80 күннен аса аштық акциясын өткізді.
Наурыздың 6-сы күні Савченко аштықтан біртіндеп шығу үшін өзіне арнайы диета дайындап беруді сұрап дәрігерлерге өтініш жасағаны хабарланған.