Accessibility links

Швейцария Ресейге қатысты жаңа шектеулер енгізді


Швейцария туы. (Көрнекі сурет)
Швейцария туы. (Көрнекі сурет)

Украинаның шығысындағы ахуалға байланысты Швейцария Ресейге қатысты жаңа шектеу шараларын енгізетінін мәлімдеді.

Жұма күні жарияланған Швейцария федералдық кеңесінің хабарламасында, былтыр тамыздың 27-інде Еуропа Одағы (ЕО) қабылдаған санкцияларға қосымша, Ресей аннексиялап алған Қырым және Севастопольмен сауда байланыстарына қатысты шектеу енгізілетіні айтылған. Мұндай шектеу енгізу туралы шешімді ЕО былтыр желтоқсанда қабылдаған.

Атап айтқанда, бұдан былай Швейцария тарапынан Қырым мен Севастопольге шетелдік инвестицияның барлық түріне тыйым салынады. Инвестиция шектеуі енгізілгендер арасында туризм және экономиканың өзге де салалары бар.

Бұған қоса, санкциялар тізіміне енгізілген 28 жеке және заңды тұлғалармен іскерлік байланыс орнатуға тыйым салынған.

Швейцария федералдық кеңесі Украинадағы ахуалды алдағы уақытта да бақылауда ұстап, қажет деп тапқан жағдайда жаңа шектеулер енгізу құқығын қолданатындығын мәлімдеген.

XS
SM
MD
LG