Accessibility links

Донецкіге Ресейден гуманитарлық жүк керуені барды


Ондаған жүк көлігінен құралған ресейлік автокеруен. (Көрнекі сурет)
Ондаған жүк көлігінен құралған ресейлік автокеруен. (Көрнекі сурет)

Украинаның Донецк қаласына бүгін жеткен 20-дан аса жүк көлігінен құралған ресейлік автокеруен Засядько атындағы шахтадағы апат салдарынан қаза тапқан және жарақаттанғандардың отбасыларына гуманитарлық көмек апарған. Ресей төтенше жағдайлар министрлігінің мәлімдеуінше, автокеруен азық-түлік пен дәрі-дәрмектер жеткізген.

Украинаның шығысында қарулы жанжал басталғалы бұл Ресейден Донбасқа жүк апараған 18-автокеруен. Наурыздың 5-і күні Ресей президенті төтенше жағдайлар министрлігіне Донбаста 34 кеншінің өмірін қиған апаттан зардап шеккендерге жәрдем жинап жеткізуді тапсырған.

Киевтегілер Ресей тарабы гуманитарлық жүк деген желеумен Украинаның Донецк және Луганск облыстарында өзін өзі жариялап алған «халық республикалары» сепаратистеріне әскери техника мен қару-жарақ, оқ-дәрі әкеледі деп күдіктенеді.

Наурыздың 4-і күні Украинадағы ең ірі көмір кеніштерінің бірі – Засядько атындағы шахтада жарылыс болған кезде жер астында 230 адам жұмыс істеп жатқан еді. Апат салдарынан 32 кенші шахтада, тағы екеуі кейін ауруханада қайтыс болған. 14 адам зардап шеккен. Засядько атындағы шахта қазіргі кезде ресейлік сепаратистер бақылауындағы аймақта.

XS
SM
MD
LG