АҚШ президенті Барак Обама сенбі күні Алабама штатында өткен Сельмадағы оқиғалардың 50 жылдығына арналған шеруге қатысты. Қала тұрғындары алдында сөйлеген сөзінде Обама жарты ғасыр бұрын өткен әйгілі оқиғалардан кейінгі кезеңде америкалықтардың өз құқықтары мен бостандықтарын қорғау және түр-түсі мен нәсілі әртүрлі адамдардың теңдігін қамтамасыз ету үшін көптеген нәтижелерге қол жеткізгендерін мәлімдеді.
Президент америкалықтардың ең басты сөзі – «біз» екенін атап айтты. Ол «Біз – халықпыз», «Біздің қолымыздан келеді» деген ұрандарды қайталады.
1965 жылы наурыздың 7-і күні Алабама штатындағы Сельма қаласында полиция мен бейбіт шеруге шыққан демонстранттар арасындағы қақтығыс АҚШ тарихында азаматтық құқықтар үшін күрес жолындағы ең үлкен оқиғалардың бірі саналады. Шеруге шыққан қара нәсілді азаматтарды полицияның аяусыз соққыға жығып, шерушілерді тарату үшін көзден жас ағызатын газ шашқанына АҚШ пен өзге елдердегі миллиондаған көрермен теледидар хабарлары арқылы куә болған.
Сельмадағы оқиғалардан бір апта өткенде сол кездегі АҚШ президенті Линдон Джонсон Конгресті елдегі қара нәсілді азаматтардың сайлауға қатысуына қойылған шектеулерді алып тастауға шақырып үндеу жасаған.