«Антигептил» қозғалысы мүшесі Сәкен Байкеновтың туған-туыстары Астанадағы Ұлттық қауіпсіздік комитеті (ҰҚК) тергеу абақтысында отырған белсендінің жағдайынан екінші тәулік бойы хабарсыз екендерін айтады.
Бүгін әлеуметтік желілерде Байкеновтың мәселесі сағат 14.30-де Астананың Сарыарқа аудандық сотында қаралады деген ақпарат тараған еді, бірақ аталған уақытта жиналған жұрт екі сағаттай тұрып, ешкімнен жауап ала алмаған соң тарап кетті.
Сәкен Байкеновтың әйелі Қарлығаш Мырзаділованың Азаттыққа айтуынша, жұбайын наурыздың 7-сі күні таңертеңгі сағат 11 шамасында Алматыдағы жалдап тұрып жатқан пәтерінен ҰҚК қызметкерлері ұстап, сол күні түстен кейін Астанаға ұшақпен жеткізген. Олар әйеліне белсендінің «ұлттық алауыздықты қоздырғаны» үшін ұсталғанын хабарлаған, бірақ оның нақты қандай іс-әрекет екенін айтпаған. ҰҚК қызметкерлері Байкеновпен бірге оның үйінен ноутбук, iPad планешті, екі ұялы телефон және 4G интернет байланысы модемін алып кеткен.
Астаналық қоғамдық белсенді Мақсат Нұрыпбаевтың Азаттыққа айтуынша, Сәкен Байкеновтың үстінен Қазақстан қылмыстық кодексінің 174-бабы («әлеуметтік, ұлттық, нәсілдік, тектік-топтық немесе діни алауыздықты қоздыру») бойынша іс қозғалғанын оған Байкеновтың ісімен айналысуға келіскен адвокат жеткізген. Адвокаттың өзі Байкеновке жолығып шықпайынша баспасөз өкілдерімен сөйлеспейтінін айтқан.
Қазақстан ҰҚК Алматы және Астана басқармасындағылар Сәкен Байкенов жайлы Азаттыққа түсініктемені мекеменің баспасөз қызметінен наурыздың 10-ы күні анықтауға болатынын айтып, өзге ақпарат беруден бас тартты.
37 жастағы Сәкен Байкенов бұған дейін «Антигептил» қозғалысы белсендісі ретінде наразылық акцияларына қатысқаны үшін бірнеше рет әкімшілік жауапкершілікке тартылған.