Иран мемлекеттік телеарналары елдің жоғарғы басшысы аятолла Әли Хаменеидің суреттерін көрсетті. Онда аятолланның Тегерандағы өз резиденциясында бір топ табиғат қорғаушы белсенділермен сөйлесіп отырғаны бейнеленген. 75 жастағы Иран рухани жетекшісінің суреттегі келбеті сырқат адамның кейпіне ұқсамайды, алайда бұл суреттің қашан түсірілгені белгісіз.
Бұған дейін шетелдік ақпарат құралдары аятолла Хаменеи ауыр халде ауруханаға жатқызылған деген хабар таратқан еді. Ол былтыр қыркүйек айында қуық безіне операция жасатып бір апта ауруханада жатып шыққан.
Әдетте Иран мемлекеттік баспасөзінде аятолла Хаменеидің денсаулық жағдайы туралы көп хабарлана бермейді.
Иранда барлық мәселелер бойынша түпкілікті шешім айтатын билік иесі аятолла Әли Хаменеи 1989 жылдан бері жоғарғы көсем қызметін атқарып келеді.