Accessibility links

ОСК Уәлихан Қайсаровтың азаматтығына күмәнді


Оппозициялық саясаткер Уәлихан Қайсаров.
Оппозициялық саясаткер Уәлихан Қайсаров.

Қазақстанда кезектен тыс президент сайлауына кандидат болуға құжат тапсырған Уәлихан Қайсаровтың азаматтығына Орталық сайлау комиссиясының (ОСК) күмәні туған. Бұл туралы бүгін Астанадағы брифингте ОСК мүшесі Ләззат Сүлеймен мәлімдеген.

«Қайсаров президенттікке кандидат болып дауысқа түсуге ниет білдіру туралы өтінішінде басқа мемлекеттің азаматтығында тұрғанын өз қолымен жазған» деген Сүлеймен сөзіне дәлел ретінде журналистерге оппозициялық саясаткер Уәлихан Қайсаровтың өтінішінің фотосуретін көрсеткен.

ОСК мүшесі бұл мәселе бойынша ішкі істер министрлігіне аталған деректерді тексеру үшін сұрау салынғанын хабарлады. Сондай-ақ, ол Қайсаровтың қазақ тілінде толтырған өмірбаяндық деректерінде бірнеше қате кеткенін айтқан.

Уәлихан Қайсаров бұған дейін 2011 жылы мерзімінен бұрын өткізілген президент сайлауына түспекші болған. Бірақ лингвистикалық комиссия үміткерді қазақ тілін еркін білмейді деп сайлауға жібермеген. Оған келіспеген Уәлихан Қайсардың шағымын Жоғарғы сот қабылдамай тастаған.

ОСК бүгінгі дерегі бойынша, кезектен тыс президент сайлауына қатысуға 14 адам ниет білдірген. Қазіргі күнге олардың тек біреуі – «Рухани қоғам әлемі» қоғамдық қорының жетекшісі Лимана Қойшиева ғана Конституция талабына сай деп танылған. Оған өз кандидатурасын қолдайтын сайлаушылардан қол жинау парақтары берілген.

XS
SM
MD
LG