АҚШ президенті Барак Обама Венесуэланың жеті шенеунігіне "коррупцияға және адам құқықтарының бұзылуына қатысы бар" деп, санкция салды.
Ақ үйдің 9 наурыз күні хабарлауынша, Венесуэланың санкция салынған лауазымды тұлғалары арасында барлау қызметінің өкілдері мен құқық қорғау органдарының қызметкерлері бар.
Венесуэла сыртқы істер министрі Дельси Родригес "Каракас (Венесуэла астанасы - ред.) санкцияға қатысты жауап шараларын қабылдайтынын" хабарлады.
Соңғы жылдары екі ел арасындағы қарым-қатынас шиеленісе түскен. Өткен аптада Каракас Вашингтоннан "екі апта ішінде Венесуэладағы дипломатиялық миссия қызметкерлер санын 20 пайызға дейін азайтуды талап еткен".
АҚШ Венесуэланы антиамерикалық саясаты үшін сынайды.