Мерзімінен тыс президент сайлауына қатысуға ниет білдірген өзін-өзі ұсынушы Қайрат Маишев мемлекеттік тіл бойынша емтиханға келмеген. Бұл туралы журналистерге орталық сайлау комиссиясының баспасөз хатшысы Венера Жексембекова хабарлады.
Әскер саласындағы маман Қайрат Маишев наурыздың 10-ы күні Астана уақытымен түскі сағат 15:00-да емтиханға келуі тиіс болатын. Алайда келмеген. ОСК өкілдерінің айтуынша, "егер Маишевтің келмеуінің дәлелді себебі болса, онда оған тағы бір рет тапсыру мүмкіндігі берілуі мүмкін".
Қазіргі кезде сайлауға қатысуға ниет білдірген 14 адамның алтауы мемлекеттік тіл бойынша емтиханнан өте алмаған. Олардың арасында қоғамдық белсенді Есенбек Өктешбаев, "Кенесары хан" қоғамдық қорының жетекшісі Уәлихан Қайсар да бар.