Наурыздың 10-ында Бостон марафонындағы жарылысты ұйымдастырды деп айыпталған Джохар Царнаевтың сот процесінде айыптаушылар Царнаевтың терактіден бірнеше күннен соң жаралы күйінде жасырынған моторлы қайықтың бортына қарындашпен жазған жазбасын көрсетті.
"Мен жұмаққа өзімнен бұрын кеткен ағама қызғана қараймын. Мен ағама қайғырмаймын, себебі оның жаны тірі. Құдай біздің әрқайсымыздың тағдырымызды жеке-жеке анықтап қойған. Маған іс-әрекетімнің себебін көрсету үшін осы қайыққа жасырыну жазылыпты" делінген жазбада.
Тағы бір жазбада "АҚШ билігі бейбіт адамдарды жазықсыздан жазықсыз өлтіреді, бірақ көпшілігіміз мұны онсыз да білеміз. Мен мұндай ауқымдағы жауыздықты жазасыз қалдыра алмаймын. Біз, мұсылмандар бір организмді құраймыз. Біреуімізді ренжіткен барлығымызды ренжіткен болып саналады" делінген.
Джохар Царнаевтың қорғаушылары алқа судьяларын оны "өз бетімен әрекет еткен жоқ, ұзақ уақыт бойы одан терактіге дайындықты жасырып келген ағасы Тамерланның ықпалында болды" деп сендіруге тырысып жатыр. Бірақ айыптаушылар сотқа Джохар Царнаев үнемі кірді делінген исламшыл интернет сайттарының тізімі мен оның Twitter-дегі жазбаларын көрсетті. Twitter-дегі жазбаларда Царнаевтың жарылысты бір жыл бұрын ойластырғаны байқалады.
2013 жылы 15 сәуірде Бостон марафоны аяқталар сәтте болған екі жарылыстан үш адам қаза тауып, 260-тан астам адам жараланған. Джохар Царнаевқа 30 бап бойынша айып тағылған. Оның ішінде 17 бап бойынша айыпты деп танылса Царнаев өлім жазасына кесілуі мүмкін.