Accessibility links

Тверь облысында Сталинге мұражай ашылмақ


1943 жылы салынған "Сталин бізді жеңіске бастайды" плакаты. (Көрнекі сурет)
1943 жылы салынған "Сталин бізді жеңіске бастайды" плакаты. (Көрнекі сурет)

Ресейдің Тверь облысы Хорошево селосында Иосиф Сталиннің мұражай үйі ашылады. Хорошево ауылы қарайтын Ржевский ауданы басшылығы мәдениет министрі Владимир Мединский басқаратын Ресей әскери-тарихи қоғамынан түскен Сталиннің мұражайын ашу ұсынысын қолдады.

Мұражай совет-герман соғысындағы жеңістің 70 жылдығына орай ашылмақ.

"Мемориал" қоғамының Тверь облыстық бөлімшесінің хабарлауынша, мұражай Сталин 1943 жылы тамыз айында аялдаған колхоз тұрғыны Кондратьеваның үйінде ашылады. Мұражай экспозициясында "Сталиннің 10 соққысы", "Сталиннің Жеңіске қосқан үлесі", "Сталиннің өнеркәсіпті эвакуациялаудағы рөлі", "Сталин советтік табыс пен жеңістің символы ретінде" деген тақырыптарды ашатын дүниелер қойылмақ.

Наурыз айының басында Ресейде Сталин заманындағы репрессияның символы болған ГУЛАГ лагерінің орнындағы "Пермь-36" саяси қуғын-сүргін тарихы мұражайы жабылған.

"Пермь-36" коммерциялық емес ұйымының директоры Виктор Шмыров бұған дейін BBC-ге "Енді бұл мұражайда саяси тұтқындар жайындағы емес, лагерлер жүйесі жайлы экспозициялар қойылады. Мұражайда қуғын-сүргін немесе Сталин жайында ештеңе айтылмайды" деген. Мұражай толық мемлекет бақылауына өткен соң алғашқы көрме тұтқындарды ұстаудың техникалық тәсілдері мен күзету құралдарына арналады.

XS
SM
MD
LG