Accessibility links

«Аңыз адам» бас редакторы сайлауға түсуге өтініш берді


«Аңыз адам» журналы бас редакторы Жарылқап Қалыбай. Алматы, 11 мамыр 2014 жыл.
«Аңыз адам» журналы бас редакторы Жарылқап Қалыбай. Алматы, 11 мамыр 2014 жыл.

«Аңыз адам» журналының бас редакторы Жарылқап Қалыбай бүгін Орталық сайлау комиссиясына (ОСК) мерзімінен бұрын президенттік сайлауға қатысу үшін өтініш тапсырған. Бұл туралы ОСК хабарлады.

56 жастағы Жарылқап Қалыбай қазақ тілінде «Жұлдыздар отбасы» және «Аңыз адам» журналдарын шығарады.

Былтыр 13 адам «Аңыз адам» журналының сәуір айындағы санында «Адольф Гитлерді дәріптеген мақала» шыққанын айтып сотқа жүгінген. Сот басылымның бас редакторы Жарылқап Қалыбайдан арыз иелерінің әрқайсысына бір миллион теңгеден өтем төлеуді және олардан жария түрде кешірім сұрауды міндеттейтін шешім шығарған. Қалыбай сот шешімімен келіспейтінін мәлімдеген.

ОСК бүгін кезектен тыс президент сайлауына қатысуға тағы бірнеше адам өтініш бергенін хабарлаған. Олардың арасында – Қазақстан кәсіподақтары федерациясының төрағасы Әбілғазы Құсайынов, Қазақстан мұсылмандар одағының жетекшісі Мұрат Телібеков, «Экологиялық тұрақтылық» бірлестігінің төрағасы Серік Мұқаш, жұмыссыз Айгүл Өтепова, «Аттан Қазақстан» қозғалысының жетекшісі Амантай қажы Асылбек бар.

Қазақстанда сәуірдің 26-сына белгіленген мерзімінен бұрын президент сайлауына екі саяси партия өз кандидаттарын ұсынған. Кеше биліктегі «Нұр Отан» партиясы ерте сайлауға Қазақстанның қазіргі президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың кандидатурасын ұсынып, ол бұл жолғы сайлауға да түсетінін мәлімдеген. Өткен аптада Қазақстан коммунистік халықтық партиясы сайлауға кандидат болуға Тұрғын Сыздықовты ұсынған. Бүгін «Ақ жол» партиясы алдағы сайлауға өз қатарынан кандидат шығармай, Нұрсұлтан Назарбаевтың кандидатурасын қолдайтыны туралы мәлімдеді. Өзін оппозиция ретінде таныстыратын Жалпыұлттық социал-демократиялық партия кезектен тыс президент сайлауына кандидат ұсынбайтынын мәлімдеген.

XS
SM
MD
LG