Accessibility links

Михаил Прохоров өзі құрған партиядан кетті


Ресейлік бизнесмен Михаил Прохоров.
Ресейлік бизнесмен Михаил Прохоров.

Ресейлік ірі бизнесмен Михаил Прохоров кезінде өзі негізін қалаған «Азаматтық платформа» партиясындағы барлық қызметтерінен кететінін мәлімдеген. Оның пікірінше, жұрт сенімін жоғалтқан партия жабылуы немесе атауын өзгерткені дұрыс болмақ.

«Көп нәрсені кешіруге болады, бірақ сатқындық кешірілмейді. Ал Андрей Макаревичті қудалаған кезде дәл солай сатқындық жасалды. Біз оны қорғауға тиіс едік» деген бүгін федералдық азаматтық комитет отырысында Прохоров.

Ол сондай-ақ мән-мағынасы жоқ саяси жобаны қолдау қажет еместігін айтып, федералдық саяси және федералдық азаматтық комитеттердің мүшелерін партия қатарынан шығуға шақырған.

Бұған дейін, ақпанның 21-і күні Мәскеуде ұйымдастырылған «Антимайдан» акциясына «Азаматтық платформа» да қатысқаны партия мүшелері арасында дау-дамайдың тууына себеп болған еді. Ол акцияда кейбіреулер «Макаревич – Майданды ұйымдастырушы» деген жазулар ұстап шыққан. «Антимайдан» акциясынан соң Михаил Прохоров «Азаматтық платформа» партиясының әуел бастан ұстанған идеологиясымен әлгіндей шаралардың еш қабыспайтынын мәлімдеген еді.

2012 жылы наурызда Ресей президенті сайлауында Владимир Путинге бәсекелес болған миллиардер Михаил Прохоров негізін қалаған «Азаматтық платформа» партиясы сол жылы жазда ресми тіркеуден өткен.

XS
SM
MD
LG