Accessibility links

Қазандағы өрт құрбандарының саны 15 адамға жетті


Өрттен бүлінген «Адмирал» сауда орталығы. Қазан, 12 наурыз 2015 жыл.
Өрттен бүлінген «Адмирал» сауда орталығы. Қазан, 12 наурыз 2015 жыл.

Қазан қаласындағы «Адмирал» сауда орталығындағы өрттен құрбан болғандар саны он бес адамға жеткен. Бүгін Татарстан төтенше жағдайлар министрлігі баспасөз қызметінің жетекшісі Андрей Родыгиннің хабарлауынша, өрттен зардап шеккен 13 кісі ауруханаға жатқызылған, 17 адам хабарсыз кеткенге саналып отыр.

Татарстан денсаулық сақтау министрлігіне сілтеме жасаған «Интерфакс» агенттігінің хабарлауынша, өртте қаза тапқандардың анықталғандарының сүйектері туыстарына беріле бастаған. Қазіргі уақытқа дейін сегіз адамның аты-жөні анықталған.

Бұған дейін Тәжікстан үкіметінің өкілі Азаттыққа Қазандағы өрттен қаза тапқандардың бесеуі – Тәжікстан азаматы деп хабарлаған.

«Адмирал» сауда орталығынан орын жалдаған фирманың директоры сот шешімімен екі айға қамауға алынған. Тергеу болжамы бойынша, ол өрт болған жерден адамдарды эвакуациялау шараларын және ішкі қауіпсіздік қызметінің жұмысын дұрыс ұйымдастырмаған.

Наурыздың 11-і күні күндіз «Адмирал» сауда кешенінде басталған өртті сөндіру жұмыстары сегіз жарым сағатқа жалғасқан. Алдын ала болжам бойынша, өртке электр желісіндегі ақау себеп болған. Билік орындары «өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзу салдарынан абайсызда адам өлімі» бабы бойынша қылмыстық іс қозғаған.

XS
SM
MD
LG