Ресей тергеу комитеті Қазандағы «Адмирал» сауда орталығындағы өртке байланысты осы ғимараттың меншік иесінің үстінен қылмыстық іс қозғаған.
Қылмыстық іс бойынша, «АС Менеджмент» басқарушы компаниясы директорлар кеңесінің төрағасы, миллиардер Алексей Семин мен компанияның бас директоры Роберт Хайруллинге өрт қауіпсіздігі талабын бұзып, өкілеттікті теріс пайдаланған және құжаттарды қолдан жасаған деген айыптар тағылған.
Тергеу комитетінің мәлімдеуінше, Хайруллин мен Семин 2004 жылы «Серп и молот» зауытының өндірістік ғимараттарын сатып алған соң, цехтарды қайта құрып, жабдықтап, сауда кешені ретінде жалға берген. Ғимарат құрылысын қайта құрған кезде өрт қауіпсіздігі талаптары сақталмаған. Сонымен бірге, Хайруллин қадағалаушы органдарға бұл нысан туралы жалған мәліметтер берген дейді тергеушілер.
Бұған дейін Татарстан тергеу органдары өртенген сауда ғимаратынан орын жалдаған «Заря» фирмасының директоры Гусейн Гахраманов пен оның орынбасары Николай Каекинді ұстаған еді. Сот Гахрамановты мамырдың 11-іне дейін тұтқындауға шешім шығарған.
Қазандағы «Адмирал» сауда орталығында наурыздың 11-і күні болған өрт салдарынан, соңғы мәліметтер бойынша, 17 адам қаза тауып, шамамен тағы соншама адамды өртенген ғимарат қирандысы басып қалған деп саналады. Опат болғандардың арасында бес шетелдік азамат бар деп хабарланған. Өрттен бүлінген ғимарат орнында құтқарушылар іздеу жұмыстарын әлі жалғастырып жатыр.