Accessibility links

Керри: Вашингтон Асадпен келіссөзге баруға мәжбүр


АҚШ мемлекеттік хатшысы Джон Керри.
АҚШ мемлекеттік хатшысы Джон Керри.

АҚШ мемлекеттік хатшысы Джон Керри Сириядағы азаматтық соғысты тоқтату үшін Вашингтонның Сирия президенті Башар Асадпен келіссөз жасауына тура келеді деп санайды. Наурыздың 15-інде CBS телеарнасына берген сұхбатта Керри АҚШ президенті әкімшілігінің "Асад легитимділігін жоғалтты және ол биліктен кетуі тиіс" деген қалыпты ұстанымын айтпады.

"Түптеп келгенде біз келіссөзге баруға мәжбүр болатын шығармыз" деген Керри сұхбатында. Оның сөзінше, АҚШ Женевада 2012 жылы басталған бейбіт келісімді жалғастыруға қашан да ұмтылған. "Женева-1" деп аталатын келіссөз Сирияда қақтығысты тоқтатып, Башар Асадтың биліктен біртіндеп кетуіне құрылған еді. Бірақ екі кезеңнен соң келіссөз сәтсіздікке ұшырап, содан қайтап жалғаспаған. Джон Керри Башар Асадтың сол кезде келіссөзден бас тартқанын айтады.

АҚШ мемлекеттік хатшысы Вашингтон келіссөздің қайта басталып, қарулы қақтығысты саяси жолмен реттеу жолдарын іздеуге күш салатынын айтады.

Соңғы дерек бойынша, Сирияда 2011 жылдың көктемінен басталған азамат соғысында қаза тапқандар саны 215 мыңға жеткен.

XS
SM
MD
LG