Қазақстан, Ресей және Беларусь президенттері Нұрсұлтан Назарбаев, Владимир Путин және Александр Лукашенко наурыздың 20-сында Астанада кездеседі деп хабарлады бүгін Ақорданың баспасөз қызметі.
Үш ел басшыларының кездесуі бұған дейін наурыздың 12-сіне жоспарланған еді. Бірақ кездесуден бірер күн бұрын Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков ресейлік ақпарат агенттіктеріне үш ел басшылары кездесуді бірнеше күнге кейінге қалдыруды шешкенін хабарлаған.
Ресейлік "Дождь" телеарнасы кеше Владимир Путиннің бірнеше күннен бері көпшіліктің алдына шықпауына сырқаттанып қалуы себеп болған деп хабарлаған. Өз дереккөздеріне сілтеген телеарна ақпараты бойынша, Путин қазір Ресейдің Новгород облысында Валдай көлінің жағасындағы резиденциясында жатыр.
Песков бұған дейін президенттің «жағдайы жақсы» деп келген еді, бірақ ол Путиннің қайда екендігі және жұрттың назарынан жоғалып кетуіне не себеп деген сұрақтарға жауап беруден бас тартқан.
Ақорда үш ел президенттері Астанада сауда айналымы, экономикалық қарым-қатынастар мен Украинадағы жағдайды талқылайтынын айтады.