Ресей президенті Владимир Путин бүгін Санкт-Петербургте Қырғызстан президенті Алмазбек Атамбаевпен кездеседі деп жоспарланып отыр. Путин 5 наурыздан бері көпшілік алдына шықпағандықтан оның денсаулығына және қайда екеніне қатысты түрлі болжамдар айтыла бастаған.
Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков бұған дейін Путиннің денсаулығы жақсы екенін және "жұмыс кестесі тығыз болғандықтан" көпшілік алдына шыға алмай жүргенін мәлімдеген.
Кремль 5 наурыздан бері Путин бірнеше кездесу өткізгені жайлы хабарлап, суреттерін жариялаған. Бірақ кейбір ресейлік ақпарат құралдары кездесу мәліметтері мен оның суреттері алдын-ала түсірілген деп хабарлаған.
Қырғыз президентінің Ресей басшысымен кездесуіне қатысу үшін Санкт-Петербургке Атамбаевтың штаттық фотографынан басқа бір де бір қырғыз журналисі шақырылмаған.
Путиннің көпшілік назарынан "жоғалып кетуі" ақпанның 27-сінде Мәскеуде ресейлік оппозицияшыл саясаткер Борис Немцовтың қазасынан соң Ресей саяси топтары мен қауіпсіздік құрылымдары арасында шиеленіс күшейе түсті деген мәліметтер пайда болған кезбен тұспа-тұс келіп тұр.