Наурыздың 17-сі күні Атырау облыстық сотының апелляциялық алқасы облыстың бұрынғы әкімі "Бергей Рысқалиев тобының" ісі бойынша шыққан үкімге берілген апелляциялық шағымды қарап, бұрынғы сот шешімін өзгеріссіз қалдырды. Бұл туралы Азаттыққа Атырау облыстық сотының баспасөз хатшысы Боранбай Ғалиев хабарлады.
"Бергей ісі" деп аталып кеткен Атырау облысының бұрынғы лауазымды тұлғалары мен кәсіпкерлеріне қатысты облыстық мамамандандырылған ауданаралық қылмыстық істер жөніндегі сотының үкімі 2014 жылы 14 қараша күні шыққан еді. Сотқа тартылған 22 адамның ісі бір жылға жуық қаралды. Сот үкімімен 15 адам, оның ішінде Атырау облысы әкімінің бұрынғы орынбасарлары, Атырау қаласының бұрынғы әкімі әртүрлі мерзімге бас бостандығынан айырылған.
Боранбай Ғалиев "Сотталушылардың апелляциялық шағымдары мен прокурордың апелляциялық наразылығын қараған қылмыстық іс жөніндегі апелляциялық сот үкімнің сотталушылардың әрекетін саралау бөлігін де, жаза тағайындау бөлігін де заңды деп танып, сот үкімін өзгеріссіз қалдырды" деді.