Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев бүгін Астанаға жұмыс сапарымен келген Беларусь президенті Александр Лукашенкомен кездесті. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.
Мемлекет басшылары кездесуде екі ел арасындағы сауда-экономикалық, инвестициялық, өнеркәсіп және ауылшарушылығы салаларындағы қарым-қатынастар мәселелерін талқылаған.
Сонымен бірге Назарбаев Лукашенконың Украина дағдарысын реттеуге қосқан үлесін атап өткен. «Қазіргідей тайталас ешкімге пайда бермейтіні туралы біздің ұстанымдарымыз толық үйлесіп отыр» деген ол.
Наурыздың 20-сы күні Астанада Қазақстан, Беларусь және Ресей президенттерінің үшжақты кездесуі өтпекші. Онда үш елдің өзара экономикалық байланыстары мен сауда-саттығын нығайту мәселелері, сонымен бірге Украинадағы жағдай талқыланбақ.
Бұған дейін наурыздың 12-інде өтеді деп жоспарланған еді. Бірақ кездесуге бірер күн қалғанда Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков үш ел басшылары Астанадағы басқосуды кейінге қалдыруды шешкенін хабарлаған.