Accessibility links

Назарбаев халықты Наурыз мерекесімен құттықтады


Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев.
Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев.

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев бүгін Астанадағы «Сарыарқа» велотрегінде өтіп жатқан мерекелік шара кезінде барша қазақстандықтарды Наурыз мейрамымен құттықтады.

«Біздің тарихымызда бірнеше жүз жылдан бұрын атап, көктемнің алғашқы күнінде ағайындар бір-бірімен қауышып, туысқандар бірін-бірі қыстан шығып көріп, барлық орын алған жаманшылықтарды кешіріп, бірі-біріне көмектесіп, наурыз көже үлестіріп жататын. Біз еліміздің ақ тілекпен, бірлікпен тәуелсіздігін орнаттық. Қазақстанды дүниежүзіне белгілі мемлекет еттік» деген ол.

Өз сөзінде Назарбаев Қазақстан болашаққа бағдары етіп белгілеген 2050 жылға дейін дамыған отыз елдің қатарына қосылу, «Нұрлы жол» бағдарламасын жүзеге асыру, халыққа баспана салу, денсаулығын нығайту және басқа да міндеттерді орындауға жұмыс атқарып жатқанын айтқан.

«Бұнаң бәріне халықтың бірлігі, сенімі өте қажет. Сол себепті, бұл бағыттан айнымай, қазіргі саясатымызды жалғастырсақ, келешекте Қазақстан бұдан да жақсы көркейіп, елдің әл-ауқаты бұдан да артады. Табысты, аман-сау болайық. Наурыз бізге шаттық, бақыт, береке әкелсін!» деген Назарбаев.

Қазақстанда наурыз айының 21, 22 және 23-і күндері Наурыз мейрамы - ұлттық мереке болып белгіленген.

Күнтізбе бойынша, 2015 жылы мейрам күндері апта соңына дөп келгендіктен, мереке күндері туралы заңға сәйкес, ол күндер келесі апта басына ауыстырылып, Қазақстанда биыл бес күн демалыс деп жарияланған.

Қазақстанда 1926 жылы мұсылманның діни мейрамы ретінде тыйым салынған Наурыз мерекесі 1988 жылдан бастап қайта тойлана бастаған.

XS
SM
MD
LG