Француз құтқарушылары Альпі тауларында апатқа ұшыраған жолаушылар ұшағының «қара жәшігін» тапқан деп хабарлады Reuters. Ұшақ апатының себептерін анықтау үшін мамандар «қара жәшік» деректерін зерттеуге дереу кіріспек.
Француз полициясы апаттан ешкім тірі қалмаған дейді. Құтқарушылар таулы жерге құлаған ұшақ жолаушыларының сүйектерін іздестіру бірнеше күнге жалғасуы мүмкін екенін айтады.
Наурыздың 24-і күні Барселонадан Дюссельдорфқа ұшып бара жатқанда белгісіз себептермен апатқа ұшыраған германиялық Germanwings әуе компаниясының Airbus A320 ұшағында, соңғы мәліметтер бойынша, 150 адам болған. Франция билік орындары ұшақ сегіз минут бойы біртіндеп төмендей бергенін айтады. Жергілікті уақытпен сағат 10.53 шамасында радардан көрінбей кеткен кезде ұшақ жерден екі жарым мың метрдей биікте болған.
Ұшақта Германияның 67 азаматы, соның ішінде 16 мектеп оқушысы, Испанияның 45 азаматы болған. Қалған адамдардың қай елдің азаматтары екендігі анықталып жатыр. Бұл ұшақтағы жолаушылар арасында Қазақстанда туып-өскен, 1996 жылдан бері Дюссельдорф опера театрында әнші болып істеген Олег Брыжак та болған.