Accessibility links

Ерте сайлауға кандидат тіркеу аяқталды


Қазақстан Орталық сайлау комиссиясының баспасөз орталығы. Астана, 12 наурыз 2015 жыл.
Қазақстан Орталық сайлау комиссиясының баспасөз орталығы. Астана, 12 наурыз 2015 жыл.

Қазақстан Орталық сайлау комиссиясы (ОСК) бүгін кешке мерзімінен бұрын президент сайлауына кандидаттар тіркеу аяқталғаны туралы хабарлады.

Биліктегі «Нұр Отан» партиясы сайлауға ұсынған, елдің қазіргі президенті Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан халықтық коммунистік партиясы (ҚКХП) үміткері Тұрғын Сыздықов және президенттікке өзін өзі ұсынған, Қазақстан кәсіподақтары федерациясының төрағасы Әбілғазы Құсайынов ресми түрде президентікке кандидат болып тіркелген.

Ерте сайлауға түсуге ниет білдіріп өзін өзі ұсынғандардың тағы бір тобы сайлаудан шығып қалғаны бүгін белгілі болды. Олардың арасында Қазақ спорт және туризм академиясы президентінің кеңесшісі Хасен Қожа-Ахмет, «Рухани қоғам әлемі» қоғамдық қорының жетекшісі Лимана Қойшиева, жұмыссыз Қанат Төрегелдиев және «Жұлдыздар отбасы Аңыз адам» журналының иесі әрі бас редакторы Жарылқап Қалыбай бар. Бұған дейін бұл төртеуі ОСК жанындағы лингвистикалық комиссия сынағынан өтіп, қол жинау парағын алған.

Ал президенттікке кандидат болып ресми тіркелгендер наурыздың 26-сынан бастап сайлауалды науқанын бастайды. ОСК кандидаттың сайлау науқанына бюджет есебінен жұмсайтын қаржы мөлшерін белгіледі.

Мемлекет қаржысынан әрбір кандидатқа теледидардан 15 минут сөйлеуіне 5 миллион 250 мың теңге (28 мың доллардан аса), радиодан 10 минут сөйлеуі үшін 200 мың теңге (мың доллардан сәл астам), мерзімді басылымдарда көлемі 0,1 баспа бетінен аспайтын екі мақала жариялауға 810 мың теңге бөлінеді. Бұған қоса, кандидатқа сайлаушылармен кездесетін орын жалдауға 200 мың теңге, үгіт-насихат материалдарын басып шығаруға 250 мың теңге және көлік шығыстарына 300 мың теңге беріледі.

Қазақстан президентінің кезектен тыс сайлауы сәуірдің 26-сына белгіленген.

XS
SM
MD
LG