Иран президенті Хассан Роуханидің сайлаулады науқанына қатысқан әрі Иран делегациясымен бірге ядролық бағдарламаға қатысты келіссөзден хабар тарату үшін Лозаннаға барған ирандық журналист Амир Хоссейн Мотаки Швейцариядан саяси баспана сұраған.
Иранның ISKA ақпарат агенттігінің редакторы, 31 жастағы Амир Хоссейн Мотакидің Азаттыққа айтуынша, ол Иран билігі тарапынан кәсіби қызметіне кедергі келтіріліп жатқандықтан саяси баспана сұраған.
"Сыртқы істер министрлігінің шенеуніктері бізден ақпаратты олардың қалағанындай, яғни жалған ақпаратты таратуымызды және өздеріне жақпайтын ақпаратты жарияламауымызды талап етті" дейді Мотаки.
Амир Хоссейн Мотаки бұған қоса Ислам революциясын қорғау корпусымен байланысы бар бірер ақпарат агенттігі өкілдерінен де қысым болғанын айтады. Ол "Қызметіме ашық түрде килігу өз елімдегі жұмысымды аяқтап, шындықты айтуға және сөз бостандығын қорғауға итермеледі" дейді.
Ирандағы журналистер цензураға жиі ұшырап жатады.
Францияда орналасқан Reporters Without Borders ұйымы бұған дейін Иран ядролық бағдарламасына қатысты мәселелердің тәуелсіз түрде қамтылуына, оның ішінде ядролық келіссөз барысы мен ядролық нысандардың бағасы жайлы дербес ақпарат таратылуына бақылау жасайды деп мәлімдеген.