Қытайдың Шыңжаң Ұйғыр автономиялық ауданында болған жол апатында зардап шеккен 11 қазақстандық сол аймақтағы Зимунай ауылында ауруханада жатыр деп хабарлады бүгін Қазақстан сыртқы істер министрлігі.
Министрлік ақпараты бойынша, Қазақстан азаматтары мінген жолаушылар автобусы наурыздың 13-і күні жаңағы Зимунай ауылында апатқа ұшыраған. Жол апатынан Қазақстанның екі азаматы қаза тауып, 19 қазақстандық түрлі дәрежеде жараланған. Қаза тапқандардың денелері Қазақстанға наурыздың 16-сы күні әкелінген.
Қазақстан дипоматтары жол апаты болған аймаққа барып, жергілікті билік орындарымен қазақстандықтарға көмек көрсету туралы келіссөз жүргізген.
Министрлік осы жол апатынан зардап шеккен қазақстандықтардың Қытайда жүріп-тұруы мен емделуіне кететін шығындарды қытайлық тасымалдаушы "Синдэ" компаниясы мойнына алғанын айтады.