Оңтүстік Корея мен АҚШ Пхохан қаласы маңындағы теңіз жағасында әскери жаттығу өткізді. Жаттығу кезінде теңізден құрлыққа десант түсіру жайы пысықталды.
Бұл шараға екі елдің 7500-ден астам сарбазы, 30 кемесі мен 40 көлігі, 80 ұшағы мен тікұшағы қатысты. Оңтүстік Корея мен АҚШ-тың осыдан жарты ай бұрын басталған бірлескен әскери жаттығуы 24 сәуірде аяқталады.
Бұл жаттығуға Солтүстік Корея наразы болып, наурызда бірнеше рет зымыран атқан. Бұл шараны «соғысқа дайындық» деп мәлімдеген Солтүстік Кореяның өзі де соңғы кездері әскерін жиі жаттықтыра бастаған.
Солтүстік Корея мен Оңтүстік Кореяның арасындағы соғыс 1953 жылы бейбіт келісіммен емес, уақытша бітіммен аяқталған еді. Содан бері қос Кореяның қарым-қатынасы әлі оңала қойған жоқ.