Amnesty International (AI) халықаралық құқық қорғау ұйымы 2014 жылы әлемде өлім жазасына кесілгендер саны күрт артқанын мәлімдеді.
Лондонда орналасқан ұйым 1 сәуірде жариялаған есебінде әлем елдері өлім жазасын қылмыспен, терроризммен күресте және мемлекеттегі тұрақсыздықтың алдын-алуда қолданатынын айтады.
AI 2014 жылы 55 мемлекетте кемінде 2 мың 466 адамға өлім жазасы кесілгені белгілі болғанын айтады. Бұл - 1925 адамға өлім жазасы кесілген 2013 жылғы көрсеткіштен 25 пайызға артық.
Бірақ өлім жазасының орындалуы тұрғысынан 2013 жылы орындалған өлім жазасы санымен салыстырғанда 2014 жылғы көрсеткіш 22 пайызға азайған деген дерек келтіреді.
Құқық қорғау ұйымы мәліметінше, Таяу Шығыс пен Солтүстік Африкада тіркелген өлім жазасының 90 пайызы Иран, Сауд Арабиясы мен Иракта орындалған. Ал Еуропа мен постсоветтік кеңістіктегі өлім жазасы жойылмаған және өлім жазасын орындауға мораторий енгізілмеген жалғыз ел - Беларусьте 2014 жылы үш адамға өлім жазасы орындалған.
AI мәлімдеуінше, өлім жазасы үкімінің көпшілігі халықаралық әділ сот жүргізу талаптарына сай келмейтін сот процесстерінде шыққан.