Кенияның солтүстік-шығысындағы Гариссе қаласында бетперде киген қарулы адамдардың колледж қалашығына жасаған шабуылынан 147 адам қаза тапты.
Кения ішкі істер министрі Джозеф Нкайсерридің мәліметінше, 79 адам жараланған. Шабуыл жасаған төрт адамның көзі жойылған. BBC дерегінше, Сомали шекарасына жақын орналасқан коллежді босату операциясы аяқталды.
Шабуылға жауапкершілікті "Әл-Шабаб" экстремистік тобы мойнына алды. Топ шабуылды Кенияның Сомалиге әскер жібергеніне кек алу деп атады. Экстремистер өкілі Шейх Абу Мусабтың мәлімдеуінше, содырлар мұсылмандарды босатып, христиандықты ұстанатын студенттерді кепілге алып, өлтірген.
"Әл-Шабаб" тобы Кенияда 2011 жылдан бері экстремистік әрекеттер жасап келеді. Бұл жылы Кения "Әл-Шабаб" тобымен күресу үшін Сомалиге Африка Одағы контингентінің құрамында әскерін жіберген.