АҚШ Ресей билігінің Қырым татарларының бірнеше ақпарат қүралын жапқанын қатаң айыптады.
АҚШ мемлекеттік департаменті өкілі Мари Харф Қырым татарлары ақпарат құралдары қызметінің тоқтатылуын "Қырымдағы сөз бостандығын тұншықтыру әрекеттерінің соңғы көрінісі" деп атады.
Мари Харф жабылған ақпарат құралдары қатарында ATR телеарнасын, QHA ақпарат агенттігін, "Авдет" газетін, "Мейдан" радиостанциясын және басқаларын атады. Харфтің сөзінше, бұл БАҚ жабылғанға дейін Қырымда "Ресей оккупациясына қарсы шыққан Қырым татарлары диаспорасы мен басқа да адамдардың үнін өшіруді көздейтін бір жылдық науқан" жүргізілді. Ол татарлар кемсітушілікке ұшырап, қысым мен қуғын керген.
Amnesty International құқық қорғау ұйымы "Роскомнадзор" мекемесінің татар ақпарат құралдарын Ресей заңдарына сәйкес тіркеуден бас тартуын "әкімшілік талаптарға сүйеп, сөз бостандығына көпе-көрінеу шабуыл жасау" деп атады.