Бішкекте бүгін ТМД елдері сыртқы істер министрлері кеңесінің отырысы өтіп жатыр. Оған Қазақстан, Ресей, Беларусь, Армения, Тәжікстан мен Түркіменстан сыртқы істер министрлері және Молдова мен Өзбекстан сыртқы істер министрлерінің орынбасарлары, Әзербайжан мен Украинаның арнайы өкілдері қатысып отыр.
Қырғызстан сыртқы істер министрі Эрлан Абдылдаев кездесуде "ТМД аумағындағы дағдарыстарды" бірлесе шешу жайы қаралатынын мәлімдеген. Кездесу басталғанға дейін Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавров Эрлан Абдылдаевпен екі жақты ынтымақтастық және ТМД мен Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымына (ҰҚШҰ) мүше елдердегі қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелерін талқылаған.
ҰҚШҰ елдері сыртқы істер министрлері, оның ішінде Сергей Лавров 2 сәуірде Душанбеде кездескен. ҰҚШҰ-ға Армения, Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан, Ресей және Тәжікстан мүше.