Алматыда мемлекеттік Әбілхан Қастеев атындағы өнер музейінде бүгін «Музыкалық көрме» («Музыкальный вернисаж») кеші өтті. Шараға жиналған көпшілік алдында «Тұран» және «Арқайым» ансамбльдері өнер көрсетті.
«Тұран» этнофольклорлық ансамблі – Түркия, Қытай, Оңтүстік Корея, Венгрия, Германия, АҚШ және Франция елдерінде өткен өнер конкурстары мен фестивальдерінің лауреаты. Қазақтың көне музыка өнерін бүгінгі заманмен үндестіріп жүрген бұл топ музыкалық шығармаларды домбыра, сыбызғы, шаңқобыз, саз-сырнай, шертер, жетіген, шіңкілдек, қыл-қобызда ойнайды.
Құрамы екі адамнан тұратын «Арқайым» тобының өнері фольклорлық музыка мен модерндік дыбыстың синтезіне негізделген.
«Музыкалық көрмені» Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері, музыка зерттеуші Юрий Аравин жүргізді. Бүгінгі шара Әбілхан Қастеев атындағы өнер музейінде айына бір рет өткізу жоспарланып отырған музыка кештерінің алғашқысы.