Алматының Бостандық аудандық №2 соты қаңтар айында қала әкімдігі ғимаратына кіріп алып, шықпай қойған 37 жастағы тұрғын Евгений Рычковты "терроризм актісі туралы көпе-көрінеу жалған ақпарат таратты" деген айыппен бес жылға соттады. Бұл жайында қалалық соттың баспасөз қызметі хабарлады.
Қаңтардың 13-і күні Евгений Рычков Алматы әкімдігі ғимаратына кіріп, есікті бекітіп алып шықпай қойған еді. Ер адам өзімен бірге ішке жарылғыш зат алып кіруі мүмкін деген күдікпен әкімдік айналасы қоршалып, қызметкерлер сыртқа шығарылған. Кеңседе жалғыз өзі болып, ешқандай талап қоймаған Рычков келіссөзден соң полицияға өз еркімен берілген. Полиция ақпараты бойынша, Рычков 2008 жылы өзіне қатысты шыққан азаматтық іс шешіміне наразылық білдірмек болған.
Соттың ақпаратына қарағанда, Рычковқа жаза тағайындаларда Алматы облысы Іле аудандық сотының оған 2014 жылдың 21 қаңтарында 1997 жылы қабылданған қылмыстық кодекстің 175 бабының 3 тармағының "б" бөлімі (аса ірі көлемде бөтеннің мүлкін ұрлау) және 24 бабының 3 тармағы бойынша (қылмыс жасауға дайындалу) төрт жылға шартты түрде бас бостандығынан айыру жазасын кескені ескерілген.
Бостандық аудандық соты оны жазасын жалпы режимдегі түзеу колониясында өтеуге үкім еткен.
Үкім әзірге заңды күшіне енбеген.