Accessibility links

Киев Януковичтің үстінен тағы бір іс қозғады


Украинаның бұрынғы президенті Виктор Янукович.
Украинаның бұрынғы президенті Виктор Янукович.

Украина қауіпсіздік қызметі елдің бұрынғы президенті Виктор Януковичтің, оның билігі тұсындағы жоғары шенді серіктері мен бұрынғы конституциялық сот судьяларының үстінен "билікті заңсыз басып алу" айыбы бойынша қылмыстық іс қозғады. Бұл жайында әділет министрлігі жанындағы заңдарды толықтыру және люстрация жөніндегі жұмысшы тобы төрағасының орынбасары Карл Волох Facebook-тегі парақшасында хабарлады. Волохтың сөзінше, қылмыстық істің "Украина тағдыры үшін маңызы ерекше" және Украинаның құқықтық тарихында "мұндай іс бұрын-соңды қаралмаған".

Украинада Януковичтің үстінен бұған дейін де бірнеше қылмыстық іс қозғалған. Киевтің Печер аудандық соты экс-президентті тұтқындауға сырттай шешім шығарып, оған Интерпол арқылы халықаралық іздеу жарияланған.

Биыл ақпанда Украина парламенті - Жоғарғы Рада Янукович "міндетін атқарудан өзі тайқыды" және "билікті басып алып, Украина ұлттық қауіпсіздігі мен қорғанысы негіздеріне нұқсан келтірді" деген тұжырым жасаған.

Ресми Киев 2014 жылдың ақпанынан бері Ресейде тұрып келе жатқан Виктор Януковичті қайтарып алмаққа күш салып жатыр.

XS
SM
MD
LG