Accessibility links

Шетпе теміржолшылары жұмысты тоқтатты


Шетпе теміржолшылары Маңғыстау ауданы әкімдігі алдына жиналып тұр. Маңғыстау облысы, Шетпе ауылы, 10 сәуір 2015 жыл.
Шетпе теміржолшылары Маңғыстау ауданы әкімдігі алдына жиналып тұр. Маңғыстау облысы, Шетпе ауылы, 10 сәуір 2015 жыл.

Сәуірдің 10­-ы күні Шетпедегі «Ірілендірілген Маңғыстау жол дистанциясы» мекемесінің отыздан астам теміржолшылары Маңғыстау ауданы әкімдігі алдына жиналды. Олар жалақыны көбейтуді, тиісті әлеуметтік төлемдерді төлеуді және еңбек шартын қолдарына беруді талап етіп тұр.

Жиырма жылдан бері темір жол жөндеуші болып еңбек ететін Рүстем Күшікбаевтың Азаттыққа айтуынша, жол жөндеушілер осы күнге дейін қолдарына еңбек шартын алмаған.

- 2014 жылғы еңбек табелі мен ұсталған ақшалардың расшифровкасын, еңбек шартын қолға беруді талап етіп тұрмыз, - ­деді ол.

Күшікбаевтың сөзіне қарағанда, бұған қоса жұмысшыларға кәсіподақ ұйымында жоқсыңдар деген желеумен ауырғанда төленетін ақша мен бала туғанда берілетін жәрдемақы да берілмей отыр.

- Біз қазір жұмысқа шыққанда тексерілетін табельге қол қойдық. Бірақ жұмысқа шықпай аудан әкімдігіне келіп тұрмыз,­ - деді Рүстем Күшікбаев.

Ірілендірген Маңғыстау жол дистанциясы» филиалының бастығы Жарылқап Дүйсенбай.
Ірілендірген Маңғыстау жол дистанциясы» филиалының бастығы Жарылқап Дүйсенбай.

«Ірілендірілген Маңғыстау жол станциясы» мекемесі бастығы Жарылқап Дүйсенбай Азаттыққа тілшісіне Шетпе ауылына бара жатқанын, барғаннан кейін жағдайды анықтайтынын айтты.

Шетпелік теміржолшылар мекемесіндегі еңбек дауы 2013 жылдың желтоқсанынан бері жалғасып келеді. Жұмыс және еңбек жағдайын жақсартуды талап еткен «Ірілендірілген Маңғыстау жол дистанциясы» (УПЧ) мекемесінде 100­-ге жуық адам еңбек етеді. Бұл мекеме 2014 жылы бұрынғы ПЧ­13 мекемесі орынына қайта құрылған.

«Қазақстан темір жолы» компаниясының Маңғыстау облысындағы Шетпе, Жаңаөзен және Маңғышлақ стансаларында 546 теміржолшы еңбек етеді.​

XS
SM
MD
LG