АҚШ президенті Барак Обама мен Куба басшысы Рауль Кастро жұма күні Панамада ашылған «Америка саммитінде» қол алысып амандасты деп хабарлайды Reuters агенттігі. Кейбір ақпарат құралдары АҚШ пен Куба лидерлерінің Эквадор президенті Рафаэль Корреамен бірге тұрған фотосуретті жариялаған.
Обама мен Кастроның кездесуі сенбіге жоспарланып отырғаны туралы АҚШ президентінің ұлттық қауіпсіздік жөніндегі көмекшісінің орынбасары Бен Родс мәлімдеген. Оның айтуынша, кездесу Панамадағы «Америка саммиті» аясында өтпек.
Президент Барак Обама Орталық Америка елдеріне сапарға шығар алдында, сәуірдің 8-і күні Куба басшысы Рауль Кастромен телефон арқылы сөйлескен. Бұл туралы ақпаратты жұма күні Ақ үй растаған.