Accessibility links

Қазақстанның кей жерінде тасқынға қарсы шара жүріп жатыр


Қызылсу басқан Көкпекті ауылы, Қарағанды облысы. 1 сәуір 2010 жыл. (Көрнекі сурет)
Қызылсу басқан Көкпекті ауылы, Қарағанды облысы. 1 сәуір 2010 жыл. (Көрнекі сурет)

Ауа райының күрт жылынуынан толассыз еріген қар суы Қарағанды мен Ақмола облыстарында тасқын қауіпін ұлғайтып отыр. Сол сияқты, Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан және Павлодар облыстарында да тасқын қаупі бар деп хабарлады бүгін Қазақстан ішкі істер министрлігінің төтенше жағдайлар комитеті.

Қарағанды облысында соңғы тәулікте Теміртау қаласында және жеті ауданның (Абай, Қарқаралы, Жаңаарқа, Шет, Бұқар жырау, Нұра және Осакаров) 24 ауылында құтқару жұмыстары жүргізілген. Тасқын басталған аймақтан алдын ала 567 адам қауіпсіз жерге көшірілген, олардың 123-і қазір үйлеріне орала бастады деп хабарланды.

Ақмола облысында Атбасар қаласы мен төрт ауданның (Астрахан, Аршалы, Ерейментау мен Целиноград) 12 ауылында құтқару жұмыстары жүргізіліп жатыр. Осы ақпаратта тасқынға байланысты 370 адам алдын ала эвакуацияланғаны, олардың 230-ы қазір үйлеріне оралғаны айтылған.

Шығыс Қазақстан облысында Глубокий және Бородулиха аудандарында, ал Солтүстік Қазақстан облысында Петропавл қаласы мен алты ауданда (Айыртау, Есіл, Қызылжар, Мағжан Жұмабаев атындағы, Уәлиханов пен Тайынша) арнайы жұмыстар атқарылып жатқаны хабарланды.

Адамдар арасында шығын жоқ екені және әлеуметтік маңызды нысандар төтенше оқиғалардан сау екендігі айтылады.

ІІМ азаматтардан елдімекендер аумағынан шықпауды, Шерубайнұра, Нұра, Есіл өзендері алқабына мал жаймауды, сонымен бірге азық-түлік қорын сақтау шараларын қамдауды сұрайды.

XS
SM
MD
LG