Accessibility links

Берлинде Украинаға қатысты кездесу өтеді


Германия сыртқы істер министрі Франк-Вальтер Штайнмайер
Германия сыртқы істер министрі Франк-Вальтер Штайнмайер

Германия, Франция, Ресей және Украина сыртқы істер министрлері бүгін Берлинде Шығыс Украинадағы қақтығысты тоқтату бітімі шарттарының орындалуын бағалау үшін келіссөз өткізеді. Украина шығысында осыдан бір жыл бұрын басталған үкімет әскері мен ресейшіл сепаратистер арасындағы қақтығыста алты мыңнан астам адам қаза тапты. Ақпанның 12-сі күні Минскіде Франция мен Германия басшыларының араласуымен жасалған қақтығысты тоқтату келісімі әскери іс-қимылдардың бәсеңдеуіне мүмкіндік бергенімен, жағдай әлі де шиеленіскен қалпында тұр.

Берлиндегі келіссөз қарсаңында Германия сыртқы істер министрі Франк-Вальтер Штайнмайер Мәскеу мен Киевті қақтығысты тоқтату келісімін орындауға шақырған. Ол германиялық Die Welt газетіне "Біз Мәскеу мен Киев Минск келісімінің келесі кезеңіне өту шарттарын орындайды деп күтеміз" деп мәлімдеген. Штайнмайер сөзінше, келіссөздің келесі кезеңінде "сепаратистер басып алған территорияларда жергілікті органдарға сайлау өткізуге дайындық, гуманитарлық көмекті кедергісіз өткізу және Шығыс Украинадағы инфрақұрылымды қалпына келтіру" жайы талқыланбақ.

XS
SM
MD
LG