АҚШ сенатының сыртқы істер жөніндегі комитеті конгресске Иранның ядролық бағдарламасын шектеуге қатысты түпкілікті келісім жасауға даусын беретін заң жобасын бірауыздан мақұлдады. Демократтар мен республикашылдар бұған дейін заң жоабсына қатысты ымыраға келген.
Құжатта конгресске Иранмен жасалған кез-келген түпкілікті келісімді 30 күн ішінде қарауға құқық беру және Ақ үйді Тегеранның келісім шарттарын орындауы жайлы тұрақты хабардар етуді міндеттеу қарастырылған. Конгресс келімімді қарайтын 30 күн ішінде президент Барак Обама конгресстің Иранға салған санкцияларын жоя алмайды.
Болжам бойынша, заң жобасын конгресстің қос палатасы да мақұлдауы мүмкін. Ақ үй әкімшілігі заң жобасын қазіргі нұсқасында қабылдауға даяр екенін мәлімдеді.
2 сәуірде Лозаннада Иран мен әлемдік алты держава Иранның ядролық бағдарламасын шектеп, есесіне бұл елге салынған санкцияларды жоютын алдын ала келісім жасасқан. Бұл келісім шарттары бойынша тараптар маусымның 30-ына дейін түпкілікті келісім жасауы тиіс.