Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев бүгін Астанада Түркия президенті Режеп Тайып Ердоғанмен кездесіп, екі ел арасындағы ынтымақтастық жайы, аймақтық және халықаралық мәселелерді талқылады деп хабарлады Ақорданың баспасөз қызметі.
Назарбаев кездесуде Ердоған басқарған Түркияның "соңғы 12 жылда үлкен табыстарға жетіп", экономикалық көрсеткіштерін жақсартқанын айтқан.
Ресми ақпарат бойынша, Ердоған Назарбаевқа былтыр Түркияға сапарлап, өзін ұлықтау рәсіміне қатысқаны үшін алғыс білдірген. Ол "әлемдік экономикалық ахуал күрделі болып тұрған тұста Қазақстанның қарқынды дамып, табыстарға жетіп жатқанын" айтқан.
Сонымен бірге, Ердоған Назарбаевқа Қазақстанда 26 сәуірде өтетін кезектен тыс президент сайлауында сәттілік тілеген.
Бүгін Астанада Қазақстан мен Түркия бизнесмендерінің қатысуымен бизнес-форум өтеді.